Мемлекеттік рәміздер

Home / Мемлекеттік рәміздер

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы-Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимні

1. Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!
2. Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!

Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Ол алғаш рет 2006 жылдың 11 қаңтарында Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде айтылды. Музыкасы-композитор Шәмші Қалдаяқовтікі, сөзі – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтікі.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы-дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде-бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан»деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай – ақ «Қазақстан» деген жазу-алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары-белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.